Ninety One
Биылғы жылы біраз үнсіздіктен соң қайта оралған топтардың бірі Ninety One болды. Біз бұл жайында мына жерде жазған болатынбыз. Біраз уақыт үзіліс алған жігіттер JUZ Entertainment-тен кеткелі бір жылдан асып еді. Осы жазда BIZ атты жаңа әнмен және бейнебаянымен қайта оралды. Алайда, көп ұзамай, EAZGLZ-дың қуанышы су сепкендей басылды. Себебі топ алдағы қыстан кейін тараулары мүмкін екенін хабарлады.
Скриптонит
Әділ Жәлелов Қазақстанға оралғалы бір жылдан асты. Елге келгелі әншінің шығармашылығы қайта жандана түсті — ол отандық орындаушылармен бірге фиттер жасай бастады. Биылғы жыл Скриптонит үшін толыққанды камбек жылы деп атауға болады. Сәуірде жаңа альбомы, ал жақында ғана оның бейнебаяны жарық көрді. Айтпақшы, алдағы сенбіде Алматыда жеке концерті өтеді.
Ирина Кайратовна
«Ирина Кайратовна» ұжымының жігіттері бір жылдан астам үзіліс жасады. Қуаныш Бейсекеевпен жұмысты тоқтатты. Алдыңғы релизі, тіпті, 2022 жылдың 9-шы сәуірінде шыққан. Ал биыл топ «Adjare Gudju» альбомымен оралды. Бірден чарттар мен желілерді бағындырды. Айтпақшы, «Adjare Gudju» әніне түсірілген бейнебаян әлі жарыққа шыққан жоқ. Клиптің режиссері бұл жолы — Малик Зенгер. Режиссердің Ғалымжан Молданазардың «Көгершін» атты әніне түсірген бейнеклипі Cannes World Film Festival-да басты сыйлыққа ие болды. Режиссердің осы жаздағы тағы бір мақтанышы — ол әйгілі Black Eyed Peas тобына бейнеклип түсірді.
Ерболат Құдайберген
Ерболаттың жайы өз алдына бөлек. Себебі — стилі мүлдем бөлек аға буын өкілі. Өзінің сахнадан көрінбей кеткеніне бірнеше жыл болды. Осыдан он жыл бұрын хит әндердің авторларының бірі еді. Ал биылғы жазда Ерболат фестивальдерде өнер көрсете бастады, бірнеше кештерде хэдлайнер болды. Алайда, әзірге тек бұрынғы хит әндерін шырқады. Қазақстандық тыңдармандар, әрине, сүйікті әншісінің оралуын асыға күтті. Желіде, тіпті, өнерсүйер қауым аңыз деп лебіздерін жарыса білдіріп жатыр. Тек алда жаңа әндер бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз.