Қазақстандық ару Заринаның жолы — нағыз американдық арман дерсің! Ару модельдік мансабын Қазақстанда бастай келе, кейінірек бәрін тастап, алпауыт ел Американы бағындыруға аттанады. Мұндай батыл тәуекелге баруы да бекер болмай шықты. Кейінірек Зарина отандастарын жаңа белестерімен қуанта бастады. Таразда туған қарапайым қыздың суреттері дүниежүзіне әйгілі сән басылымдарынан жарқ ете қалды.
Олардың арасында Vogue, Glamour, L'Officiel, Maxim сынды танымал журналдар бар. Оған қоса, қазақтың қарагөзі сән астаналарының подиумдарына шыға бастады, сұлулық байқауларына қатысты. Бүгінде отандасымыз әлемдік жұлдыздар шоғырының арасынан Зарина Ева атымен орын алған. Қазақстандық оқырмандар оның әрбір жетістігіне қуанып, қолдап отырады.
Зарина — Сүлейман Демирел атындағы университеттің түлегі. Бірнеше тілге жетік. Бүгінде Америкада тұрады. Модельдікке қоса, актрисалық жолын жалғастырып келеді. Ол Қазақстанда бірнеше фильмдерге түсіп үлгерген. Канн кинофестивалінің қызыл кілемінен де бірнеше рет жүріп өтті.
Ал бірер күн бұрын әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған туристерді тоғыстыратын әйгілі Таймс-скверде Заринаның бейнеролигі пайда болды. Екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Marie Claire Kazakhstan редакциясының атынан да, әлбетте, қошемет!
Заринаны әлі күнге дейін достары, жора-жолдастары жарыса құттықтап жатыр.
Қазақстандық жұлдыздардан Таймс-сквердің билбордында осыған дейін Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген, Иманбек Зайкенов және Елена Рыбакина пайда болды.
Біз Заринаға болашақта да жұлдызың жарқырай берсін деп тілектестік білдіреміз.