Отандық актер Тәуекел Мүсілім Түркияға көшетінін айтты. Мұндағы мақсат — шығармашылығын шыңдау, жаңа белеске бет бұру. Бұл жоспары туралы актер НТК арнасындағы Revue бағдарламасында бөліскен.
Жақында ғана Алматыны шулатқан айтулы оқиғалардың бірі — әйгілі түрік актеры Бурак Өзчивиттің келуі болды. Алматылық жанкүйерлердің атаулы жұлдызбен кездесу шарасын Тәуекел Мүсілім тізгіндеген болатын. Шарадан кейін қазақстандық кино актеры Бурак Өзчивиттен шақырту алғанын хабарлады.
Жоғарыда айтылғандай, бұл — Тәуекел үшін мансабындағы жаңа белес болмақ. Ол әзірге Стамбулдан пәтер сатып алғанымен бөлісті. Айтуынша, құрылыстың аяқталуын күтіп жүр — көшуді жылдың аяғына жоспарлаған. Жаңа елде dizi кастингтеріне қатысып, бағын сынап көрмек.
Осыған дейін Тәуекел тағы бір түрік телехикаяларының жұлдызы — Каан Уанжиоглудан шақырту алған болатын. Бұл шешімінде оған да арқа сүйейтінін де айтады.
«Ең бастысы, егер актерлік шеберлік болса, онда түрік болсаң да, қазақ болсаң да, сәттілік сенің жағыңда болады деп ойлаймын», — дейді ол. Актер болашақта Бурак Өзчивитпен бір киноға түсуді армандайтынын алға тартады.