Қазақстанның алты қаласында қоғамдық көліктегі харрасментке қарсы акция басталды. Акция аясында автобус салондарында арнайы плакаттар жапсырылған. Қазақ және орыс тілдеріндегі плакаттарда қоғамдық көлікте харассментпен бетпе-бет келгендер үшін қарапайым және қолжетімді іс-қимыл нұсқаулығы берілген. Сондай-ақ, харассмент құрбандары постердегі QR сканерлеу және арнайы пішінді толтыру арқылы өз жағдайын жасырын түрде бөлісе алады.
#Тиіспе #қол тигізбе! деп аталатын акцияның мақсаты — қоғамдық көліктегі жыныстық абьюзге қарсы тұру және қоғамда бұл құбылысты болдырмау. Плакаттар еліміздің алты қаласында: Алматы, Шымкент, Атырау, Павлодар, Өскемен және Семей қалаларында 300-ден астам автобусқа орналастырылған.
«Бұл акция мәжбүрлі шара. Шымкентте № 52 маршрутта жолаушылардың бірі қыздарға қарап, мастурбация жасаған жағдай орын алды. Сондықтан біз қоғамдық көлікте харрасмент кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіретін осындай плакаттардың пайда болғанын қаладық», — деді «Shymkent BUS» ЖШС автопарк директорының орынбасары Альфараби Абдраш.
Акцияны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі мен (CFLI) канадалық жергілікті бастамалар қорының қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырды.
Орталық жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстандағы әйелдердің 21% — ы қоғамдық орындарда және көлікте жағымсыз жанасуларға тап болған. Алайда, сарапшылар атап өткендей, мұндай көрсеткіш айтарлықтай төмендетілген. Әртүрлі себептермен мұндай жағымсыз жағдайға тап болғандар бұл туралы айтпауды жөн көреді.
Орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында қыздар жасырын түрде қоғамдық көліктегі орын алған жағдайларымен бөліседі.
Айта кетерлік жайт, бұл акция ел астанасында іске қосылмаған. Осыған байланысты Астана әкімдігінде ақпаратты нақтылауға уәде берілді. Өз кезегінде City Transportation Systems харрасмент мәселесі бүгінгі күнге дейін өзекті екенін айтты. Егер ұйымдастырушылар постерлерді орналастыру туралы ұсыныспен жүгінсе, онда акция елордалық автобустарда да іске қосылады.