Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық кинотеатрларда қазақ дубляждарының болмау себептерін түсіндірді.
Ақпаратқа сәйкес, қазақ тіліне дубляж мәселелеріме нкиноны қолдау Орталығы айналысады және осы бағытта арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда, министрдің айтуынша, қазақстандық компаниялар шетелдік киноөндірушілер ұсынған талаптарға сай келмейді.
«Біз осы жылы конкурстар өткіздік, бірақ, өкінішке орай, біздің өндірушілер халықаралық компаниялар белгілеген критерийлерге сәйкес келмейді. Оларда осы анимациялық фильмдерді өндірушілер талап ететін қажетті сертификат жоқ. Біз келіссөздер жүргізудеміз және осы саладағы заңнаманы өзгерту бойынша жұмыстар атқарылуда. Шын мәнінде, қазіргі уақытта біздің компаниялардың жобалары критерийлер бойынша өтпейді», — деп түсіндірді министр ОКҚ брифингінде.
Ол сондай-ақ қазіргі уақытта отандық бес компания шетелдік балалар анимациялық фильмдерін қазақ тіліне дубляждауы үшін шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Аида Балаева жыл соңына дейін экрандарда қазақ тіліне аударылған бес анимациялық фильмнің пайда болатынын уәде етеді.
"Біз бұл мәселеге қызығушылық танытқан бірнеше компанияны біріктірдік және қазір келіссөздер барысында бұл мәселені шешіп жатырмыз. Сондықтан жыл соңына дейін үлкен экрандарға бес анимациялық фильм шығады", - деді ол.
Биылғы жылы Қазақстанда фильмдерді дубляждауға 443 миллион теңге бөлініп, министр бұл сома ағымдағы жылдың соңына дейін пайдаланылатынын алға тартты.
«Біз әлі бір тиын жұмсаған жоқпыз, өйткені қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Қазір біз конкурсты аяқтап жатырмыз, сондықтан біз бұл бюджетті игеріп үлгереміз», — деп сендірді Аида Балаева.