Ваш браузер устарел, поэтому сайт может отображаться некорректно. Обновите ваш браузер для повышения уровня безопасности, скорости и комфорта использования этого сайта.
Обновить браузер

8 елден келген этникалық қазақтар Бурабайда бас қосты

АҚШ-тан келген қазақ баласы «достықтың қадірін Қазақстанда білдім» дейді

18 июля 2023

АҚШ, Иран, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытайда тұратын қазақ балалары Бурабайдағы жазғы білім беру лагерінде бас қосты. «Жас қазақ» деп аталатын лагерьге келуші балалар — түрлі сайыстардың жеңімпаздары. Жат жұртта өсіп жатқан қандас бауырлар туған жермен, бір-бірімен танысып, екі апта ішінде жақын достарға айналып үлгерген.

АҚШ-тан келген Аят Дәулетияров: «Бұл менің тарихи Отаныма алғашқы келуім. Осы 14 күнде мен қазақ тілінің көптеген жаңа сөздері мен ережелерін үйрендім. Мен сөйлемді бастауды үйрендім және сөздік қорымды жақсарттым, сәлемдесу түрлерін үйрендім. Ең бастысы, мен қазақша сөйлей бастадым. Мүмкіндік болса, мен міндетті түрде Қазақстанға тағы да келемін», — дейді.

Ал Моңғолиядан келген Сержан Ташкентқызы туған елдің қадірін бұрынғыдан да түсінгенін айтады:

«Мұнда мен достықтың, ұлтқа деген құрмет пен этникалық Отанымның құндылығын сезіне түстім. Тарих сабақтары өте қызықты болды, менің ойымша, әр бала өзіне жаңа дүние таба алды».

Балаларды жинаған — IQanat қоры. Мақсат қаракөздерге ұлттық құндылықтарды сіңдіру және академиялық, шығармашылық дағдыларды ұштай түсу болса керек. Бағдарламасы жан-жақты бағыттарды қамтыған. Мәселен, ұлттық дәстүр төңірегінде арнайы үйірмелер ұйымдастырылған: ұлттық қолөнер, ағаш ою, қазақ халық биі, актерлік шеберлік, садақ ату, қыш жасау, сумен сурет салу өнері, қазақ халық биі, оған қоса, волейбол, футбол және қазақ күрес тағы бар.

Қонақ балалар Бурабай ұлттық паркіне экскурсия жасап, жергілікті бағдарлау жарыстарына қатысқан.

8 елден келген этникалық қазақтар Бурабайда бас қосты
Источник:
@iqanat

Екі апта ішінде Қазақстан туралы патриоттық ән байқауы, спорт түрлерінен спартакиада, бейнеклиптер байқауы секілді түрлі додалар да ұйымдастырылған. Ал жеңімпаздар «Отандастар қоры» атынан төсбелгімен марапатталды.

Қазақстан тарихы мен қазақ тілі бойынша академиялық сабақтар балалардың өз тарихи Отаны туралы білімдерін тереңдетуге, ана тілінде оқу, жазу және сөйлеу дағдыларын дамытуға, сондай-ақ қазақтардың мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктері жайлы танымдарын кеңейтуге бағытталған.

«Мұнда біз қазақ дәстүрлерімен, қазақ күресімен және ана тілімен таныстық. Біз жаңа достарымызды ешқашан ұмытпаймыз. 14 күнде 14 мың қызықты және ұмытылмас сәттер болды», — дейді Ираннан келген Павиз Пуя.

IQanat қоры мұндй халықаралық шараны 100-ден астам кәсіпкерлердің өткізгенін айтады. өтті. Сондай-ақ, басқа да кәсіпкерлерді осындай маңызды миссияға қосылуға және IQanat қорының қамқоршысы болуға шақырады.