Ваш браузер устарел, поэтому сайт может отображаться некорректно. Обновите ваш браузер для повышения уровня безопасности, скорости и комфорта использования этого сайта.
Обновить браузер

Сән сөйлесін: жаңа маусым бізге қандай жаңашылдық пен философия ұсынады?

Әсіресе, соңғы жылдары қайта жаңғырған этникалық стиль, оверсайз, нәзіктік және киім үлгісінен көрініс тапқан Қазақстанның әсем табиғаты Visa Fashion Week Almaty-да

1 ноября 2023

Visa Fashion Week Almaty 26 және 27 қазанда Ritz-Carlton қонақүйінде сәнсүйер жұртшылық пен сала мамандарын, шығармашылыққа құштар жандарды топтастырып, жаңа маусымды таныстырды. Атаулы сән апталығы күздің ең айтулы оқиғаларының біріне айналды.

Сән сөйлесін: жаңа маусым бізге қандай жаңашылдық пен философия ұсынады?
Источник:

Visa Fashion Week Almaty

Сән аптасына, барлығы, 10 дизайнер қатысып, кірпияз көрерменді таңғалдыруға тырысты. Өзіндік қолтаңбасынан бөлек жаңа маусымда ұйымдастырушылар брендтерге өз топтамаларында метаморфоз және трансформация тақырыбын алып шығуды ұсынған-ды. Қойылған тапсырма шеңберінде 2023/24 көктем-жаз маусымына арналған көзқарастарын ұсынып, барлығы дерлік әдемі ұштастыра білді.

Сән сөйлесін: жаңа маусым бізге қандай жаңашылдық пен философия ұсынады?
Источник:

Visa Fashion Week Almaty

Қазақстандық KIRPI бренді және Қырғызстаннан келген Cut a Dush маркасы көшпелі өмір салтынан шабыттанып, этникалық стильдегі топтамаларын ұсынды. Қазақстандық брендтің коллекциясының ең жарқын ерекшелігі — заманауи үлгідегі тымақтар, әшекейлер мен өрнектер, белбеу, яғни, қазақтың бірегей мұрасын дәріптейтін ұлттық атрибуттар. Оған қоса, көрсетілім қобызшы Ақерке Тәжібаеваның жанды сүйемелдеуімен өтті.

Екі күндік көрсетілімде шет елден келген 3 сәнгер де қатысты. Соның ішінде SELFMADÉ, түрік бренді, аты айтып тұрғандай, тұлғаның мықтылығы мен ерекшелігін дәріптейді. Соңғы топтамада да осы филасофия алға тартылады — түрлі формадағы белдемше, жейделер адамның санқырлылығын бейнелейді. Жалпы, киімдерде осы жылдың басты тренді — торды атап өтуге болады. Оған қоса, деним мен Marie Claire Kazakhstan-ның идентикасы — көк түске басымдылық берілген.

Украинадан келген қонақ — Bobkova бренді өз дизайнында табиғатпен үйлесімділікті бейнелейді және жаңа топтамасында бақша гүлдерін бейнелеуге тырысқан. Брендтің өзгермейтін ерекшелігі — минимализм — түсте де, сәнде де ұстамдылықты алға тартады. Ұсынылған коллекция барынша нәзік.

Апталықта екі бірдей жаңа бренд дебюттік көрсетілім жасады. Жап-жас екі дизайнер де өздерін қоғамдық мәселелер көбірек алаңдататынын байқатты.

MIСRONIQ жаңа бренді, сән апталығының дебютанты, көлдердің жойылуы мен су ресурстарының ластануы туралы мәселені көтереді. Сондай-ақ, өз образдарында, Қазақстанның ерекше көркем табиғатын көрсетуге тырысқан. Оған қоса, ұлттық стильдің атрибуттары да кездеседі.

Аптаның екінші дебютанты — Vilemore бренді, оның коллекциясы бүгінгі әлемнің хаосы мен эмоцияларын бейнелейді.

Жалпы, Visa Fashion Week Almaty-ның осы маусымы тұрақты әрі саналы сәнге баса назар аударуымен ерекшеленеді. Қайта өңдеу және жаңарту маңызды трендтер болып қала беретінін және брендтер жыл өткен сайын осы бағытқа көбірек бет бұрып келетінін сән апталығының бас директоры Бауыржан Шәдібеков атап өтті.

Апта талғампаз және мерекелік костюмдер ұсынған Inclover брендінің көрсетілімін аяқталды.

Сән сөйлесін: жаңа маусым бізге қандай жаңашылдық пен философия ұсынады?

Сәкен Жақсыбаев

Источник:

Visa Fashion Week Almaty

Алғаш подиумға шығып, көрсетілімнің әрі VIII маусымның шымылдығын Қазақстанның танымал дизайнері Сәкен Жақсыбаев жапты.

Алдағы уақытта атаулы сән апталығы Ташкентте жалғасын табады.