«ЛАУЛА» деп аталатын фильм Лаура Лесбек есімді жас қыздың өміріне негізделген. 22 жастағы ару өзінің 10-сыныптан (16жасынан) осы күнге дейінгі өмірі туралы баяндайды.
«Кішкентай қаладан шыққан қыз Алматыдай үлкен қалаға келіп қалай миллионер болды?» Фильм осыны суреттейді. Кино сценарийі 4 күнде жазылып, 10 күнде түсіріліп бітсе керек.
Басты кейіпкер — фильмнің продюсері де. Ол киноның бюджетін өз мойнына алғанын айтады.
Кино жанры: драма, биография. Авторы картинаның мақсаты жастарға ой тастау, бұл өмірде кез-келген адам алға қойған мақсаттарына жете алатынын жеткізу дейді.
Фильм сюжеті бойынша, Лаура — аңқау әрі сенгіш қыз. Оның бұл мінезі ата-анасынан дарыған. Олар өздерінің адалдығы мен аңкаулығының арқасында түрлі адамдардың опасыздығына тап болады. Ақшаның жетіспеушілігі, жұмыс тапшылығы. Ертең не киеміз, не жейміз? Жыртығымызды қалай жамаймыз? Бұл отбасының күнделікті уайымы осы. Осы қиындықтарға шыдай алмаған өрімдей қыз үлкен шешім қабылдайды. Тіпті, бұл шешімі әкесімен арасында үлкен дауға әкеп соғады.
Өмірдің осындай ауыр сынақтарын Лаура жеңе ала ма? Оны күнде мазалайтын «Бақыт деген не өзі?» деген сұрақтың жауабын таба ала ма? Әкесімен арасындағы конфликтті қалай шешеді?
Кино Алматы және Леңгір қалаларында түсірілген. Ал түсірілім командасының негізгі мүшелері бар-жоғы 22 адамнан тұрады.
Жас қыздың тырнақалды туындысында Жәудір Сарыпбекова, Қасымбеков Қылышбек, Амангелді ата секілді актерларды көре аламыз.
Сценарий авторы, қоюшы режиссёр — Дулат Оңғар. Қазақ ұлттық өнер Академиясның түлегі, театр және кино әртісі. Қоржынында «БАУЫР», «ГОСТИ», «ҚАЙТАЛАНБАС» атты фильмдер бар, «Мектеп», «100% махаббат» және т.б. сериалдар бар.
Ал қоюшы оператор — Мыңбаев Нұржігіт.