Жаңа жұлдыз жарқ етіп шыққанда, біз әрқашан бұл тек жолы болғыштық деп түйетініміз рас. Алайда, барлық жағдайда дерлік көзге көрінер нәтиженің артында маңдай тер мен талай жылдық тәжірибе тұрады. Ал кейіпкердің жетістікке жету жолы, басқаларға шабыт бере алатын жеке тарихы қашан да қызық.
Бүгін біз «Дәстүр» фильмінің бас рөлін сомдап шыққан жас әрі сұлу қазақстандық актриса Нұрай Жеткерген жайлы толығырақ айтып беруді ұйғардық. 28 желтоқсанда үлкен экранға жол тартып, көпшіліктің талқысына түскен «Дәстүр» фильмінде Нұрай өз ойынымен көрерменнің жүрегін жаулап үлгерді.
Ол небәрі 18 жаста. Өзі колледждің соңғы курсында оқиды. Атаулы картинадағы рөлі алғашқы жауапты рөлі емес.
1. Нұрай Жеткерген алғашқы басты рөлін 12 жасында отандық кинематографтың «Туған жер» атты сериалында сомдап шыққан.
2. 2020 жылы «Шоқан» қысқаметражды фильміне түскен. Кейіпкерінің аты — Айша. Атаулы фильм де — Қуаныш Бейсектің авторлық жұмысы. Нұрай режиссермен мен «Еркелету» клипінің түсірілімі барысында танысса керек.
3. «Менің басты сыншым және ең үлкен қолдаушым — анам» дейді. Нұрайдың анасы драма театры мен кино актрисасы мамандығы бойынша білім алып, кейін тастап кетсе керек. Сондықтан да қызының актерлік мансабына тастамауы үшін өзі мықтап кіріскен екен.
4. Алайда, Нұрай — әжесінің қызы. Екі әжесінің қолында өскенін жеткізеді. «Бала кезімде мен оларға концерт қойғанды ұнататынмын. Өз қолыммен билеттер жасайтынмын, үйде жалғыз өзім қойылымдар өткізетінмін. Олар — менің ең алғашқы көрермендерім», — деп бөліседі актриса.
5. Нұрай музыкалық театр актрисасы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Биыл оқуын тәмамдап шығады.
6. «Мен шығармашылық қарбалас пен түсірілім алаңын жақсы көремін. Маған шабыт береді, қанаттандырады», — дейді жас актриса.
7. Отандық және шетелдік режиссерлердің құлағына алтын сырға! Нұрайдың арманындағы рөл — «Мулан» секілді картинада басты кейіпкерді сомдау.
8. Нұрай ежелгі қазақтың мәдениетін, киім үлгілерін жақсы көреді. Оның ішінде, ұлттық ою-өрнектерді ерекше атап көрсетеді.
9. Шығармашыл адамдарға тән қасиеті — көбіне жалғыз уақыт өткізгенді жақсы көреді.
10. «Мен эмпатпын. адамдарды шын жүректен жақсы көремін. Мен олардың өз ішкі сұлулығын көрсе екен деп ұмтылам. Бұл қасиетім кейде өзіме ұнамайды», — деп түйіндейді Нұрай Жеткерген.