Айсұлтан Сейіт жаңа жанрды, яғни, etudes түсіруді қолға алғанын хабарлады.
Etudes — кинотуындылар көбінесе эксперименталды немесе көркем шығармалар болып табылатын қысқаметражды фильмдер немесе қысқа көрініс. Режиссердің, оператордың, актердің немесе басқа да кино мүшесінің шеберлігін көрсету үшін түсіріледі. Әдетте түрлі тақырыптар, стильдер мен жанрларды ашу үшін және көбіне жаңа идеялар мен тұжырымдамаларды зерттеу үшін жасалады.
Айсұлтан алғашқы бейнеролигін актер Аян Өтепбергенге арнаған. Өзі бұл жобаны қолға алғандығының бір мақсаты — қазақ актерларының шеберлігін көрсету дейді.
«études — менің актерлермен жұмыс істеуге деген құлшынысым. «ҚАШ”-ты түсіргеннен кейін бір түсінгенім, актерлер, олардың образдары мен көзқарастары — мен үшін киноны жасайтын нәрсе. Сондықтан да өзімді осы бағытта дамытып, қабілеттерімді ұштағым келді.
études – мен және актердің арасындағы коллаборация, қалаға шығу және таза импровизация.
Бұл кино емес, бұл қазақ киносының қандай бола алатындығы, қандай кейіпкерлерді ала алатындығымыз туралы концепт, идея. Бұл менің түрлі локацияларды көрсетуге, кейіпкерлерді ашуға, басқа әлемдер құрып, жаңа оқиғаларды баяндауға деген құштарлығым.
Мен киноны сүйемін, сондықтан онымен айналысу үшін маған қомақты қаражат керек емес. Өз уақытында Париж көшелеріне шығып түсірген Годар сияқты маған да қала, актер мен камера болса жеткілікті.
études — қазақстандық кино туралы жоба», — деп келтіреді ол әлеуметтік желілерде.