Танымал журналист әрі тележүргізуші Динара Сатжан осыған байланысты өз пікірін білдіріп, бірқатар блогерлер орамал таққаны үшін қомақты қаржы алатыны жайлы жеке парақшасына жазба жариялады. Журналисттің бұл жазбасы желіде қызу талқыға түсті. Дәл сол даулы ақпарат желіде миллиондаған аудиториясы бар хиджабтағы қыз-келіншектердің де құлағына жеткен. Солардың ішінде блогер Ақмарал Елшін де бар. Instagram-да 858 мың оқырманы бар. Ол Stan.kz сайтына сұхбат беріп, Динара Сатжанның жазбасына пікір білдірді.
«Әрине, хиджаб кигендерге ешқандай қаржы берілмейді. Мен өзімді және өз ортамды айтып жатырмын. Динара Сәтжан дұрыс айтып жатыр ма, теріс айтып жатыр ма, халық оған көңіл бөліп отырған жоқ. Дәл осы тақырыпты неге Динара Сәтжанның айтып жатқаны көпшілікті таңғалдыруда. Динара Сәтжан орамалда емес, қазақ тілінде де көп сөйлемейді, орыс тілді журналист. Солай танылған кісі ғой. «Басқа – басқа, Динара Сәтжан, сіз дін жолын қозғамай-ақ қойыңызшы» деп халық дүр сілкініп жатқан сияқты. Ол кісі қазақи әйелдің образында емес, діннен хабары жоқ. Сол үшін адамдар айтып жатыр, «Сіз емес, басқа орамалдағы қыздардың бірі айтса, бәлкім сол ортада жүргеннен кейін айтып жатқан шығар" деп ел ойлап жатыр. Ал Динара Сәтжан одан не алыс емес, не жақын емес. Дұрыс білмегендіктен неге ондай ақпарат таратып жатыр? Халық осыған таңғалып жатыр. Сондықтан Динара Сәтжанның пікірімен келіспейміз», – дейді Ақмарал Елшін.
Алайда алты ай бұрын хиджаб киюге бел буған блогер Ақмарал Елшіннің бұл қадамына оқырмандар түрлі сыни пікір жазатынын айтады.
Сондай-ақ орамал таққан блогер бұл сұхбатында дінге бет бұрып, хиджаб киюге асыққан жас қыздарға да өзінің ақыл-кеңесін ашық айтты.