Алматыда «Сұңқар» халықаралық трамплин кешенінде заманауи хит әндердің орындаушылары жиналды. Барлығы дерлік репертуарында тек қазақ тілді әндер бар әртістер. Атап айтсақ, қазақ жастарының арасында ерекше танымал Мирас Жүгінісов, Тұрар, Еркеш Хасен, Қазбек Құрайш және Әміре. Аға буыннан — «Орда» тобы мен биыл қайта сахнаға оралған Ерболат Құдайберген ерекше фестивальдің хэдлайнерлері болды. Отандық эстрадада өзіндік стилін жаңа қалыптастырып келе жатқан ALPHA тобы да өнер көрсетті.
Заманауи фестиваль өткізу мәдениеті біршама дәрежеге жеткен осы маусымда қазақ эстрадасына ерекше көңіл бөлген шараның пайда болуы көңіл қуантады. Бұл қуаныш қазақ тілді жастарына да ортақ, себебі кешенге жиналған көпшіліктің дені — қазақтың қарагөздері. Олар кеш соңына дейін талмай, хэдлайнерлермен бірге ән айтып, би билеп тұрды.
Мұндай кештер әдетте әкімшіліктің, кем дегенде, кәсіпкерлердің қолдауынсыз өтпейді. Алайда, атаулы фестивальдің тағы бір ерекшелігі де сол, ұйымдастыруды қарапайым Қызылордалық жігіт қолға алған. Нұрбек Әмірхановтың концерт ұйымдастыруда үлкен тәжірибесі бар. 011 фестивалі — жалғыз өзі бастаған алғашқы жобасы және бұл тек бастамасы екенін айтады. Сонымен қатар, сахнада өнер көрсеткен әншілердің көбі Нұрбектің жобаны қолға алғандағы мақсатын қолдап келгенін де жасырмады.
«Мақсатым — қазақ тілді әндерді дәріптеу, бөлекше орта қалыптастыру. Тырнақалды жобам болғандықтан, жоғары деңгейде өтті деп айта алмаймын. Дегенмен, жан-жақты достарым қолдады. Алда жоспар көп. Өздеріңізбен міндетті түрде бөлісетін боламын», — деп түйіндеді Нұрбек.