«Алға, Петербург» блогының авторы, ресейлік азамат — Иван Червинский Instagram парақшасында бүгін Қазақстанға тұрып жатқанына 100 күн болғанын хабарлады. Осыған орай, ол арнайы ролик жариялады.
Бейнероликте ресейлік блогер елге келгелі ешқайда шықпағанын және қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады.
«Мен құрбан айт мерекесіне шақыру бойынша келдім. Фестиваль техникалық себептерге байланысты болған жоқ. Ары қарай мен қазақ тілін үйренуге бел будым. Мен бұрын да тіл үйренуге тырысқам. Мен үшін бірінші мұғалімдерім — көрермендерім мен олардың пікірлері. Сөйлесу клубына да бара бастадым. Күн сайын онлайн жаттығып, үй тапсырмаларын орындаймын!», — дейді Иван Червинский.
Оған қоса, Иван Червинский джиу-джитсуға да қазақ тілді жаттықтырушыға жазылса керек. Блогер алдағы уақытта Қазақстанда қала бергісі келетінін жеткізді.
«Мен балаларымның қазақ тілін білгенін қалаймын, өйткені Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Менің бүгінім мен болашағым Қазақстанмен!», — деп тәмамдады блогер.