Қазақстандық модель Дана Добринская Италиядағы Комо көлінде өткен Dior жоғары зергерлік бұйымдар топтамасының көрсетіліміне қатысты.
Ол Өскемен қаласында туған. Модельдік бизнестегі жолын 14 жасында бастаған. Мектеп бітірісімен, 17 жасында Парижге алғашқы іс-сапарымен аттанған. Бірден алғашқы сән шоуына — әйгілі Dior брендінің сән шоуында подиумға шығады.
Кейін Giambattista Valli, Dolce&Gabbana, Armani, Ami Paris, Romano Scervino, Yohji Yamamoto секілді танымал брендтердің шоуларына қатысады.
Айтпақшы, бұл – Дананың жетінші Dior шоуы. Бұған дейін ол басқа жобаларда Француз сән үйімен жұмыс істеген.
Қазақстандық арудың мансабы расымен де қызығарлықтай. Бойжеткен 20 жасынан бастап Vogue, Harper ' s Bazaar, Marie Claire, Elle сән басылымдарының беттерінде пайда болды. Париж бен Миландағы сән апталығына бірнеше рет қатысып, Белла Хадид пен Кендалл Дженнер секілді топ-модельдермен бірге сән мінберлеріне шығып жүр.
Дана қазір Прагада тұрады және Elite Model Management ірі агенттігімен жұмыс істейді. «Өткен қыркүйекте мен Прагаға көшіп келдім. Қазір осында тұрамын және оқуым мен жұмысымды қатар алып жүрмін. Миланға, Парижге түсірілімдерге және шоуларға қатысуға жиі барып тұрамын. Ал бос уақытымда Еуропаны аралауға тырысамын», — дейді Дана Добринская.