Нұрсұлтан алғаш рет Миландағы әлемге әйгілі JW Anderson атты брендтің сән көрсетіліміне қатысты. Одан кейін бірден Париждегі Etudes сән үйінің мінберінде жарқырады. Бұл — оның әлемдік сән сахнасындағы алғашқы қадамдары. Еуропада өтіп жатқан Сән аптасына ол сән саласындағы ең үздік модельдерді дайындап шығарған IMG Models атынан қатысып жатыр. Қазақ жігітін француздар бірден қабылдаса керек. Айтуынша, мұндай деңгейдегі агенттікпен жұмыс істеп жүрген бірден бір қазақ баласы.
Ал Қазақстанда жас жігіт Bacca Models атты агенттікпен жұмыс істейді. Франция астанасындағы IMG Models-пен келісім-шартқа отыруына да елдегі агенттері септігін тигізген екен.
Нұрсұлтан Алматыда туған. Биыл ғана мектеп бітірді. Алдымен өзін модельдік кәсіпте сынап көрмек болып, жергілікті Fuzzzo брендімен жұмыс істейді. Артынша халықаралық деңгейде тәжірибе алу үшін Оңтүстік Кореяға аттанады. Келісім-шартпен үш ай бойы жұмыс істейді. Моделинг бойынша оның қоржынында Кореяның IMC, Mahagrid, Dimitri Black секілді брендтер бар. Ақпан айында елге оралып, мектебін тәмамдап, бірден Еуропаға аттанады.
Қазір Париж бен Миландағы сән көрсетілімдеріне қатысып жүр. Алда Жапония еліне аттану жоспарда екенін айтады. Онда да Нұрсұлтан танымал Wizard Models атты агенттікпен жұмыс істейтін болады.