Қазақстандық «Dastur» фильмі осы жылдың ең көп күткен тұсаукесерлерінің бірі болды. Картина қоғамдағы шырқырап тұрған зорлық-зомбылық мәселесін қазақ кинематографы үшін қиын хоррор жанрында қозғайды.
Бұл — Қуаныш Бейсектің үлкен экрандағы алғашқы толық метрі. Режиссер кеше Алматыда блогер, әншілермен қатар, кино майталмандарының ортасында кинокартинаның жабық көрсетілімн өткізді. Көрсетілімді қолдауға қазақ киносының мэтры Тұңғышбай Жаманқұлов та келген.
Шыны керек, алғаш болып тамашалаған көрермен біраз уақыт өз-өздеріне келе алмады.
Фильм Қазақстан қоғамындағы әйелдердің рөлі мен құқықтарына негізделген күрделі мәселелерді шешуді өз мойнына алады. Режиссер қазіргі заманғы әйелдерге деструктивті әсер ететін және әртүрлі нысандарда зорлық-зомбылық тудыратын бұрмаланған дәстүрлер мен архаикалық нормаларды бөліп көрсете отырып, көрерменге ой салады.
Түсірілім бір ай ішінде Алматы облысының Нұрлы ауылында өткен, бұл фильмнің ерекшелігін арттыра түседі.
Танымал тұлғалар мен жаңа таланттарды біріктіретін күрделі актерлік құрам ерекше назар аударуға лайық. Алдабек Шалбаев, Ермек Шынболатов, Нұрай Жеткерген, Нұржан Бексұлтанова, Алдияр Жапарханов, Әсет Есжан — «Дәстүр» бейнесін сомдаған қазақстандық актерлердің бір бөлігі ғана. Басты рөлдерді театр және кино жұлдызы Ермек Шынболатов пен жас актриса Нұрай Жеткерген сомдады.
Фильмде сондай-ақ «Ирина Кайратовна» тобының солисі Алдияр, dudeontheguitar лақап атымен танымал Нұрбек Елемес, DE Lacure және Ninety One тобының белді мүшесі ZAQ бар. Оператор — Азамат Дулатов. Ал продюсер — Алмас Жали.
Жергілікті киноға тән емес драма мен хоррордың қызықты үйлесімі барлық кинотеатрлардағы көрермендерді 28 желтоқсаннан бастап күтеді.