«Дәстүр» фильмі кассалық кіріс бойынша жаңа рекорд орнатты. Отандық прокатқа шыққан бірінші аптаның өзінде кинотуындының табысы бір миллиард теңгеден асқан. Авторлары ел кинотеатрларында аншлаг екенін хабарлайды.
Алайда, фильм көпшілік көрерменнің көңілінен шыққанымен, сынға алып жатқандар да баршылық. Осы орайда, еске сала кетсек, «Дәстүр» — зорлық-зомбылық тақырыбын қозғайтын алғашқы қазақстандық хоррор. Толықтай қазақ тілінде түсірілген.
Тағы бір ерекшелігі — дін тақырыбын да тереңірек қозғайды. Қоғамдағы өршіп тұрған мәселелердің бірін тың жанрда, аздап әсіреленген эпизодтармен суреттейді. Біздің ойымызша, бұл тұстағы авторлардың көзқарасы да түсінікті — осы күнге дейін тасада қалып келетін өткір мәселеге назар аударту оңай болмаушы еді.
Тағы қосарымыз, қазақстандық, оның ішінде, қазақ тілді фильмдердің беделі өсіп келетініне, әрине, қуанамыз. Қазақ киносымен бірге көрерменнің де талғамы мен пайымы өскендігін көрсетеді.