Бағдарлама аясында кәмелетке толған әйелдер No Code School, Freelance School курстарын тегін оқи алады, сондай-ақ негізгі компьютерлік сауаттылықты ала алады. Бұл бағдарламалар әйелдерге IT саласында қашықтан жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды үйренуге көмектеседі.
«Біздің ойымызша, IT – бұл нағыз әйелдерге арналған мамандық. Біріншіден, осы салада мансапты тез және оңай бастау үшін өте қолайлы. Екіншіден, қысқа мерзімді және қарқынды оқыту арқылы коммерциялық табысқа жетудің көптеген дайын құралдары бар. Қашықтан жұмыс істеуге немесе фрилансқа арналған көптеген платформалар бар. Әсіресе, кішкентай балалары бар аналарға ыңғайлы. Сонымен қатар, біз әйелдердің ең сұранысқа ие мамандықты игеруіне, қаржылық тәуелсіз болуына, өз қаржысын дұрыс жоспарлай білуіне, өзін дамытып, өзіне деген сенімділігін арттыруына септігімізді тигізсек дейміз», – деді Astana Hub-тың атқарушы директоры Алина Әбдрахманова.
Оқыту бағдарламасы қазақ және орыс тілдерінде онлайн-форматта өтеді. Басталуы 1 тамызға жоспарланған. Бағдарламаға қатысуға өтінімдер 15 шілдеге дейін қабылданады.
Бағдарлама Technowomen Central Asia коммерциялық емес тіркелген ұйымы мен ITeachMe қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылады.
Бағдарлама және өтінім беру процесі туралы толық ақпаратты Astana Hub сайтынан таба аласыз.