Күні кеше Alpha тобы жаңа «TIKI TAKA» әнімен үлкен comeback жасап, тыңдармандарын тағы да таң қалдырды. Ән мен хореография элементтері сәтті үйлескен бұл трек — топтың музыкалық эволюциясының жаңа кезеңі. Біз осы релизге орай Alpha тобымен арнайы сұхбаттасып, олардың шығармашылық үдерісі, шабыт көздері, бір-біріне деген сенімі және алдағы жоспарлары жайлы ашық әңгіме құрдық.
Бүгінгі көңіл-күйлеріңіз қалай? Күндеріңіз қалай өтті?
Qozzy: Бәріне сәлем. Бұл Qozzy. Бәрі жақсы, көңіл-күй өте тамаша. Күніміз де күнделікті күндеріміздің бірі, бірақ сонда да өзінің ерекшеліктері бар, себебі бізде бүгін фотосессия болды және де алда әлі жарты күніміз бар. Әлі талай қызықтар болады.
Күні кеше comeback-пен оралдыңыздар. Релиз жайлы айтып берсеңіздер.
I: Бізде «TIKI TAKA» деген синглымыз бейнебаянмен бірге шықты. Бұл біздің алдыңғыжылдан бері бірінші синглымыз, яғни comeback. Біз осы жылы бір ерекше стилистиканы көрсеткіміз келді жанкүйерлерімізге. Бейнебаянға, жалпы визуалды стилистикаға ковбойлық стилистиканы таңдадық. Ол жанр өзі өте динамикаға, энергияға толы. Сол үшін тамашалаңыздар. Көрмеген болсаңыздар ұнайды деген сенімдеміз.
Туындыны жазуға қанша уақыт кетті?
N.B: Ән негізінде бір жыл бұрын жазылған. Бірақ ол ән стопқа қойылды, өйткені бізде басқа да жоспарлар болды. Біз сол жоспарларымызды орындағаннан кейін осы әнге нақты кірісеміз деген шешім қабылдадық. Сол үшін осы ән, осы айда, осы жылға бұйырып тұр екен. Сол себепті осы жылымызды күшті бастайық деп, сапамызды көтерейік деген сеніммен, үмітпен осы әнді шығарып отырмыз.
Бейнеклип өте ерекше форматта екенін көрдік. Түсірілім барысы қалай өтті?
N.B: Түсірілім барысы өте қиын өтті негізі. Бір күнде түсіріп үлгереміз деп ойлады, бірақ уақыт созылып, Qozzy мен Dark-тың өзінің бөлек партиясы бар клиптің ортасында көрсеңіздер, ол бөлек екінші күні түсірілді. Нақты біз сонда екі күн түсірдік толығымен. Жалпы процесс негізі ұнады бізге.
A.Boo: Бізде бірінші рет толық бимен түсірілім болды бейнеклипте. Соны айтқым келеді.
I: Ол жалпы біз үшін жаңашылдық болды, себебі біз белгілі бір бөлігінде ғана билейтінбіз, ал осы жолы біз әннің энергетикасы толыққанды биді сұрағандықтан, соны бергіміз келді. Бейнебаянда биді барынша әдемі көрсетуге тырыстық. Ұзақ уақыт дайындалдық. Ойымыздағыдай шықты және жанкүйерлерге ұнады деген үміттеміз.
Dark: Осы жолы клип негізі өте қиын болды. Өйткені көктем болса да, қатты суық болды. Біздің Qozzy екеуміздің партиямызды түсіріп жатқан кезде қар жауып кетті бір сәтте. Көктемнің қақ ортасында қар жауып кеткені бар емес па… Осындай қызық факт бар.
Qozzy: Және де біздің Dark екеуміздің сахнамызды көлікпен түсірдік. Түсірілім тобы сол көлікті екінші қабатқа кранмен көтерді. Ол біз үшін де, команда үшін де өте үлкен тәуекел болды, бірақ сонда да әдемілік үшін, клип үшін осыcomeback-ке орай сондай тәуекелге бардық. Сол тәуекелге тұрарлық зат болды деп ойлаймыз.
«TIKI TAKA» әнінде тыңдарманға арналған жасырын хабарламалар бар ма?
N.B: Жасырын хабарламаларды айтпау керек деп ойлаймын. Жанкүйерлер өзі тауып алу керек деп ойлаймын. Оны айтып қойсақ, қызық емес болады. Біздің әр әнімізде жасырын хабарламалар бар шығар…
Жалпы ән жазу барысында топ ішінде міндеттерді қалай бөлесіздер?
N.B: Ән жазу барысында бізде ондай заң жоқ. Бесеуміз де композитормыз, бесеуміз де ән жазамыз. Бізде көбінесе Qozzy, Dark, I мәтін жазады, ал A.Boo екеуміз композитормыз. Егер әрқайсымыз жеке жазған әннен Alpha-ны көріп тұратын болсақ, алдын ала сезіп тұратын болсақ, ол ән кәдімгідей жүрегімізден шығып тұрса, біз ол әнге кірісіп кетеміз. Процесс тез болып кетеді. Байқап қарасаңыздар, бүкіл біздің дискографиямыздың ішінде нақты бір адамның жазған әні жоқ. Бәріміз қосыламыз әнге.
Әнде сіздер үшін не маңыздырақ: мәтін бе, әлде әуен бе? Неліктен?
N.B: Әркім үшін әуен, әркім үшін мәтін ғой. Бізде солай бөлінеді.
Qozzy: Біз ойлаймыз әркімде өзінің басымдықтары бар болғандықтан, Alpha-ның әндері толыққанды бейнені құрай алады деп. Егер де бәрімізде тек қана әуен немесе тек қана мәтін маңызды болса, қазіргідей Alpha-ның ән жазу сапасы болмайтын еді деп ойлаймын. Сол үшін бәрімізге өзінің part-ы, өзінің атқаратын жұмысы маңызды.
Қазір қай музыкалық жанр сіздерге жақынырақ?
I: Жалпы біз нақты бір жанрмен шектелмейміз.
Qozzy: Иә, себебі Alpha ол бір-ақ адам емес, ол бес әлемнің қосындысы. Alpha үшін нақты бір жанр жоқ. Бір кезде хип-хоп, біресе r&b, біресе баллада болуы мүмкін.
Трендтер мен өз стильдеріңіздің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар?
I: Ол тепе-теңдікті сақтаудың еш қажеті жоқ, себебі трендті біз шығарамыз.
Шығармашылық дағдарыс болады ма? Онымен қалай күресесіздер?
Qozzy: Бізде шығармашылық дағдарыс болмайды деп ойлаймын, себебі біздің осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеміз бар. Соның арқасында өзіміздің ән жазу сапамызды, қабілетімізді жоғары деңгейге жеткізе алдық. Біз қорқынышты алып тастаған кезде дағдарысты да алып тастағанбыз.
Соңғы жылдары Қазақстанның музыкалық индустриясы қалай өзгерді деп ойлайсыздар?
I: Жалпы Қазақстанның шоу-бизнесі жылдан жылға сапалы және көп қырлы болып келе жатыр. Ол қуантарлық жағдай. Бұрын суб мәдениет ретінде қабылданатын жанрлар немесе әртістер қазір үлкен сахнаға шыға алады. Оларды үлкен аудитория тыңдауға дайын. Бұл өте үлкен дамудың, жетістіктің белгісі деп ойлаймын. Әртістер, продакшндар, барлық шоу-бизнеске қатысы бар адамдардың арқасында біз осы шоу-бизнесті құрып бастап жатырмыз деген ойдамын.
Alpha тобының шығармашылығы әрқашантың, әрі ерекше. Сіздерді ерекшелендіретін еңбасты нәрсе не деп ойлайсыздар?
N.B: Ерекшелікті біз өзіміз айтуымыз қиындау шығар. Халық айтпаса, біздің сүйікті аудиториямыз айтпаса, өзіміз айтқанымыз қателеу сияқты. Біз өзіміз іштей ғана өз ерекшеліктерімізді білеміз. Бір-бірімізді жақсы көреміз, сыйлаймыз, бір-біріміз үшін соңына дейін барамыз деген ішкі сеніммен жүретін жігіттерміз. Болды. Ал, сырттай оны халық шешетін сияқты.
2018 жылдары Q-pop жанры үлкен серпіліс жасады. Қазір оның танымалдығы неліктентөмендеді деп ойлайсыздар?
I: Карантиннің де үлкен әсері бар, бірақ көбінесе асығыстықтан деп ойлаймын. Сол кезеңдегі көптеген лейблдер, топтар өте аз дайындықпен сахнаға шығып кетті, бәрін тез жасағылары келді. Ондай асығыстықтың түпкі түйіні — іргетастың жоқтығы. Ең бастысы топ мүшелерінің бір-біріне деген сенімі, сезімі, олардың танымалдылықты қалай қабылдауы деген сияқты заттар. Сол дүниелердің жетіспеушілігінен, өкінішке орай, көптеген топтар тарап кетті, бірақ ол нақты неліктен болғанын ешкім айта алмайды. Тағдырдың өзінің сондай сценарийі деп ойлаймын.
Қазіргі таңда Q-pop жанрына қызығушылықты қайта жандандыруға мүмкін бе?
Qozzy: Жеке өзімізде Q pop-ты жаңғырту идеологиясы жоқ. Alpha-ның жолы бөлек. Alpha –өздерінің армандарына бара жатқан 5 бала. Біз өзіміздің арқамызға ондай жауапкершілікті алғымыз келмейді, себебі әр адамның өзінің тағдыры, жолы бар. Біз тек қана қолымыздан келгенше, барынша үздіксіз еңбектенетін боламыз.
Alpha тобын қазіргі қазақ поп-музыкасының жаңа дәуірінің бір бөлігі ретінде көресіздер ме?
Qozzy: Әрине, толықтай көреміз. Ол тек біздің ойымызша ғана емес, басқа да әртістер, осы шоу-бизнестегі жандардың келіп, бізге айтатын сөздерінен сол нәрсе сезіледі. Әзірге орнымызды ойып алмасақ та, бірақ бізге қарап бой түзейтін әртістерді байқап жатырмыз.
К-pop индустриясында лейблдерде ішкі заңдар қатаң сақталатыны белгілі. Ал, сіздерде қалай? Әлде еркін саясат ұстанасыздар ма?
N.B: Иә, ішкі талаптар бар, бірақ оларды жария етпеу керек деп есептейміз.
I: Жалпы ондай заңдар, ережелер болуы керек заттар. Егер ішкі талаптар болмаса, ол өз жұмысына салғырт қарау деп ойлаймыз.
Жеке плейлисттеріңізде қай тілдегі әндер көбірек?
Qozzy: Соңғы кезде менде француз тіліндегі әндер басымырақ болып жүр.
I: Менде қытайша.
Dark: Америка, Жапония, қазақша аралас.
A.Boo: Есіме түсіріп отырсам, менде тек қана ағылшынша екен. Арасында өзімнің әндерім бар, Alpha-ның әндері бар.
N.B: Менде де солай. 80-90% шетелдік әндер. Арасында k-pop бар. Маған оларды зерттеу ұнайды, қызық. Қалай шығарып жатыр, сапа жағынан қалай болып жатыр бәрін қарап, тексеріп отырамын. Қазақстандық әртістерден бәрін тыңдаймын деп айта алмаймын. Таңдаймын.
A.Boo: Мен қазақша әндерді негізі радиодан, YouTube-тен көп тыңдаймын, бірақ жеке плейлистіме қоспайды екенмін.
Топ ішіндегі міндеттеріңіз белгілі бір жағдайға немесе жобаға байланысты ауысып отыра ма?
I: Бізде жалпы лидер — Qozzy. Ішкі стратегия, масштабты шешімдерді Qozzy қабылдайды. Нақты айта алатын позиция сол. Іштей ол тағы да бөліне береді. Мысалы, N.B музыкалық жағынан жауап береді.
A.Boo: Мен әншімін тек қана.
N.B: Ол (A.Boo) сыртқы факторларға жауап береді.
I: Дарын мәтіндерге жауап береді.
A.Boo: Көп затқа жауап береді Ақжол.
Qozzy: Креативке, біздің әлеуметтік желілердегі, бейнеклиптердегі visual-ға, киімдерге Ақжол жауап береді.
N.B: Бізде команда жоқ деген мағынада емес, жәй Ақжолға ұнайды.
Qozzy: Әркім өзіміздің ұнататын қызметімізді алғанбыз.
A.Boo: Мысалы, менің жеке әндерім шыққан кезде түсірілімге баратын болсақ, I менімен жұмыс істейді. Ол креативті директор, бүкіл жағынан Ақжол көмектеседі.
Стилистпен жұмыс істейсіздер ме?
Qozzy: Өзіміздің командамыз бар. Негізгі идея әрқашан да өзіміздікі. Әркім өзіне таңдайды және стиль жағынан Ақжолмен ақылдасамыз.
Ал, күнделікті өмірде ше?
N.B: Көп жағдайда біз түсірілімнен алып қаламыз. Ұнайтын киімдер көп болады түсірілім барысында. Арасында кішігірім заттарды масс-маркеттерден ала береміз.
Qozzy: Күнделікті киетін киімдерімізді немесе жанкүйерлеріміз сыйлайды немесе осындай түсірілімдерден ұнағанын сатып алып қаламыз.
Отандық брендтерден қаншалықты жиі киім аласыздар?
Qozzy: Өте жиі. Отандық брендтердің популяризациясына өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
Сахнаға шығар алдында сүйікті ырымдарыңыз немесе дәстүрлеріңіз бар ма?
I: 5 жыл бұрын қалыптастырған ырымымыз бар. Өзімізбен бірге әрдайым алып жүретін түйрегіш бар, оны тұз қосылған суға малып, көрінбейтін жерге қайтадан тағып аламыз.
N.B: Бірінші рет айтып тұрмыз бұл нәрсені.
Qozzy: Және де менде өзімде жеке бар. Ешкімге көрсетпейтін әшекейімді аяқ жағыма қарай тағып шығамын.
Әндеріңіз бен клиптеріңіз туралы жанкүйерлердің теорияларына қалай қарайсыздар?
N.B: Күшті қараймыз. Өзінің, біз ойламаған теорияларын қосып жібереді ғой. Күшті. Таңқалып қаласың.
Сіздер өз жанкүйерлеріңізді «Love&Peace» деп атайсыздар. Бұл атауды қалай таңдадыңыздар?
Qozzy: Ол жалпы біздің тыңдармандарға бергіміз келетін және де біз әрқашан да беруге тырысатын заттың толықтай ашық формасы деп айтсақ болады. Себебі біз тек қана махаббат және бейбітшілікті бергіміз келеді. Олар да бізден соны сезсе екен деп, осылай «Love&Peace» деп қойдық. Махаббат және бейбітшілік.
Өздеріңіз туралы естіген ең күтпеген пікір қандай болды?
Qozzy: Негізі мен өзім туралы өте көп адаммен жүрді деген ақпаратты көп естимін. Сол ғана болмаса, басқа хейттердің бәріне біз бәріміз жақсы қарайтын сияқтымыз. Мән бермейміз.
Ал, қандай позитивті пікір естідіңіздер?
N.B: Өте көп ондай. Басқа да бір әртістермен танысып жатқан кезде саған басқаша қарап тұратын кездер болады. Кейін жақынырақ танысқанда көбісі: «Мен сені ондай деп ойламадым», — деп айтады. Өзім таңқалып қаламын, мен сонда сыртқа қалай көрінеді екенмін деп.
Шабыт көбіне күтпеген жерден келеді. Сіздер оны қай жерден аласыздар?
N.B: Әркімде әртүрлі шығар. Шабыт деген күн де бола береді негізі. Күн де сенің әрбір тұрған сәтің негізі шабыт қой. Сол сияқты күшті көңіл-күйде жүретін болсаң сенің мақсатың, армандарың есіңе түсіп тұратын болса, сенде шабыт болады. Студияда отырған кезде де күшті көңіл-күймен отырсаң, ол өзімен өзі еркін шығатын зат. Өйткені, адамның ішіндегі тәжірибемен, әр көрген затыңмен, тыңдаған заттарыңмен, араласып бірге тандем болып шығады.
A.Boo: Өзімде байқағаным, өмірімде негізі жаңа заттар болса, мен де жаңа заттар шығара алады екенмін. Мысалы, кеше футбол ойынына бардым, ол маған өте ерекше әсер қалдырды. Одан кейін студияға отырсам, мен бір басқаша әсермен күшті ән шығарып қаламын деген сияқты. Өміріме көбінесе сондай жаңа заттар алып келуге тырысамын. Көп зат көруге тырысамын. Сол нәрсе маған шабыт береді екен.
Qozzy: Мен ойлаймын шабытты бастысы қай жақтан алу емес, бастысы сол шабытты жоғалтып алмайтын күйде жүру әрқашан да.
Сахнадан тыс бос уақыттарыңызды бірге өткізесіздер ма, әлде бөлек?
A.Boo: Негізінде бірге де болады, бірақ қазір көбінесе жеке де қыдырып кете береміз. Жан жақта жүреміз, бірақ үйде көрісеміз деген сияқты. Мысалы, мен демалып жүрсем, ол жерде I өзінің басқа бір жұмыстарымен жүреді. Қазір әртүрлі, бірақ бірге де қыдырып қайтатын кездеріміз болады. Мысалы, осындай түсірілімдердің өзі мен үшін жалпы демалыс. Өйткені, келеміз, балалармен көрісеміз, сөйлесеміз.
I: Иә, жұмыстық рутина сияқты сезіледі. Бір-бірімізді көргенімізге қуанып, әңгіме айта береміз.
Шетелге бірге баруға қалай қарайсыздар?
N.B: Біздің әлі күнге дейін арманымыз. Бұйырса осы жылы баратын шығармыз. Біз бесеуміз де жеке қыдырып көрмеппіз Қазақстанның сыртына. Соны мақсатқа қойып қойғанбыз. Қарап отырыңыздар біздің аккаунтты, сол кезде шығамыз. Атып шығамыз.
Qozzy: Тіпті, Медеуге барып көрмегенбіз (қалжың).
Сахна сіздерге қандай ең маңызды сабақты үйретті?
N.B: Сәл «кәрілеу» естілетін шығар, бірақ сахна деген ол өте киелі жер. Сахнадан қорқатын болсаң, сахна сені жеп тастайды. Басынан бастап маған солай сезілді. Басында қатты қорқатынмын, қатты қобалжитынмын. Аяғым әннің басынан аяғына дейін дірілдеп тұратын кездер болатын. Қазір өзіме деген сенімділікті үйретті. Өзіңнің жеке аудиторияң пайда болған сәтте сенің сол адамдармен коннектің маңызды. Мен сол жақта қатты ашыла алдым деп айта аламын.
A.Boo: Сахнадан жалпы түсінгенім, бұрында қорықсам да, сахна өте керемет жер екен. Өте жайлы. Сондай бір керемет махаббат. Сахна көзге елестесе, махаббат ойнап тұрады іштей. Тезірек шыққың келіп тұрады. Өте сахнаны жақсы көреміз.
N.B: Кейбір әншілер шаршап қалатын шығар сахнадан шыққаннан кейін. Біз керісінше жанып тұрамыз өнерімізді көрсеткеннен кейін.
I: Жұмысымызды қатты жақсы көреміз. Сондықтан біздің жұмысымызға байланысты кез-келген затты шаршаңқы сезіммен өткізбейміз. Әрқашан да бір арманымыздың орындалып жатқанын қайта-қайта сезініп отырамыз.
Музыкалық индустриядағы қиындықтарға қарамастан, сіздерді не алға жетелейді?
Qozzy: Love&peace, армандарымыз және де біз осы уақытқа дейін өте көп тәуекелдер жасадық. Мысалы, біреу жоғары оқу орнын тастап кетті, біреу мүлде оқымады деген сияқты. Ата-анамызбен уақыт өткізбедік осы өнер үшін және сол үшін де біз өзіміздің арманымызға жасап жатқан жұмысымызға, индустрияға да қарамастан, өзіміздің әрқашан тұрақты түрде жұмыс істеуге дайын екенімізді және тұрақты түрде тек алға жылжуға дайын екенімізді көрсеткіміз келеді. Осы заттар бізге мотивация беріп отырады.
Егер Alpha тобын бір бейнелі образбен сипаттай алсаңыздар, ол қандай болар еді?
Qozzy: Маған галактика елестейді екен. Әлемдегі бүкіл энергияның жиналатын жері, айналасында соны ұстап тұрған зат сияқты болып елестейді. Өзіміздің өнер көрсетулер, клиптерден шынымен сол затты сеземін. Андромеда сияқты энергияға толы немесе үлкен бір ғарыштың масштабындағы үлкен зат елестейді, бірақ ол абстрактты зат.
N.B: Кеше ғана «Веном» деген фильмді көрдім. Сол Веном сияқты. Ол әзілге қатты жақын, еркін.
Dark: Маған бірінші деген сан және «А» деген әріп елестейді көзіме. Әліппеде бірінші тұрған.
I: Маған электронды гитараның дисторшен толқыны елестейді. Найзағай сияқты.
A.Boo: Кішкентай балалар сурет салады ғой, күнді, тауды, үйді салады да қасына отбасын салып қояды. Сондай бір жарық нәрсе елестейді. Отбасы сияқты, өте мейірімділікке толы заттар елестейді.
Музыка заманның рухын бейнелейді дейді. Қазіргі таңда тыңдармандарға жеткізгілеріңіз келетін басты ой қандай?
I: Жалпы «TIKI TAKA» өте энергияға толы. Бүкіл ән болсын, визуалды контенттер болсын қорықпай бүкіл ішкі эмоцияны, энергетиканы көрсетуді баяндайды. Осы comeback арқылы біз Alpha-ның негізгі идеологиясын да түрткілеп жібергіміз келді. Яғни біз айтқымыз келетін идеология ол — әр адам өз өмірінің альфасы болуы керек. Өз өмірінің жеңімпазы болу керек. Басқа біреумен салыстыру емес, кешегі өзіңмен салыстыру. Сен өз өміріңде өзіңді бақытты қылу. Соның өзі сені жеңімпаз қылады және біздің идеология да сол.
Сұхбатқа уақыт бөліп, шынайы жауап бергендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Сіздер өз өмірлеріңіздің альфасы бола алғандай, бұл сұхбат та жанкүйерлерге әрдайым бірінші болуларына шабыт сыйлайды деп сенеміз.
Alpha — бұл жәй ғана музыкалық топ емес. Бұл — өз жолымен, өз үнімен алға басып келе жатқан бес жігіттің бірлігінің жемісі. Бұл — бүгінгі жастарға шабыт беретін, нық қалыптасқан ұжым. Олар әр тыңдарманның жүрегіне «махаббат пен бейбітшілік» жеткізуді мақсат етеді.
Photo: Dauir Zhomart
Style: Adel Atemova
MUAH: Almat Askar
Production: Agilya Kalnazarova.