Ваш браузер устарел, поэтому сайт может отображаться некорректно. Обновите ваш браузер для повышения уровня безопасности, скорости и комфорта использования этого сайта.
Обновить браузер

Қазақстанда фемицидтің өршуіне не себеп?

Сарапшы тарқатады

15 ноября 2023

Соңғы күндері орын алған бір емес, қатарынан бірнеше оқиға елді дүр сілкіндіргені рас. Қазақ қоғамында қыз баланың қорғансыздығы резонансқа айналды. Әсіресе, дәл қазір қазақстандық әйелдер қауымы өздерінің, туыс-жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.

Неліктен елде фемицид өршіп барады? Осы сауал бойынша Marie Claire Kazakhstan редакциясы қазақ әйелдерімен бетпе-бет жұмыс істейтін қазақ тілді коуч-психолог, 10 жылдан бері көш бастап тұрған «Евразия», «КТК» және «7"-ші телеарналарындағы өткір әлеуметтік жобалардың продюсері әрі редакторы Сандуғаш Пердешқызымен сұхбаттасып көрді. Өңірлердегі талай өкінішті оқиғаның жай-жапсарын жеке барып анықтап, қол ұшын созып қана қоймай, психолог ретінде қазақ әйелдерімен тығыз жұмыс істеген үш жылдық тәжірибесі толымды әрі барынша шыншыл ақпаратты қамтиды.

Қазақстанда фемицидтің өршуіне не себеп?

Сандуғаш Пердешқызы, қазақ тілді коуч-психолог, журналист

«Дәл қазір шеф-редактор ретінде іске асырып жатқан әйелдер туралы тележобамда түрлі жеке жағдайларды көтереміз. Өкінішке қарай, біздің әр шығарылымдағы кейс — шын оқиға, шын кейіпкерлер. Бірнеше рет неке құрып, бақыт таппай жүрген нәзік жандылар бар, өкініштісі. Өз ұлынан да жәбір көріп жатқандар бар. Яғни, қоғамымыздың жанды жаралары баршылық. Сондықтан, алыстағы шетелді сынамай, ең алдымен, елімізден, өз шаңырағымыздан бастауымыз керек.»

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»

Жобаларда осындай жаға ұстатарлық түрлі жағдайларға куә болып, өзімнің көкейге түйгенім — алдымен әйел адам көбіне өзін-өзі бағалай алмайды. Оған қоса, ұлдарды кішкентайынан отбасында анасын қастерлеп, қарындасын сыйлайтын азамат етіп тәрбиелей алмағанымыздан, қатыгез боп өсіп келе жатқандары бар. Бәрі отбасынан басталады.

Алдымен айтарым, нәзік жандылар өзін бағалауды отбасынан, яғни, бала кезінен бастау керек. Қызды қыздай, ұлды ұлдай тәрбиелеуіміз керек.

Ұлдарды ұлша дейтінім, қысқаша — майда сөзге еріп, майда-шүйдені қозғамайтын, ірілікті бойына сіңдіріп, ел тағдырын ойлайтындай тұлға дәрежесінде қалыптастыра білуіміз керек. Мұнда ата-ананың, мұғалімнің, одан кейін жалпы қоғамның үлесі бар.

«Аруым, өз-өзіңді бағала»

Қыз тәрбиесіне келсек, қызды қылықты, ибалы етіп тәрбиелеу керегіне керек. Бірақ оған қоса, өзін бағалауды үйрету керек. Себебі біздің қоғамда көп нәзік жандылар бұл түсінікті ұға бермейді. Өзін бағалайтын қыз бала ер адамның өзіне бір рет қол көтергенін қабылдамайды. Өзін бағаламаса, көзін жұма салады. Бір қол көтерген адам екінші рет те қол көтереді, бұл талай айтылып та жүр. Әдеттен арылу өте қиын.

Әйел адам өзін бағалауды үйрену үшін ата-анасы оның құндылығын түйсіндіріп өсіруі керек. Ата-ана өзара қарым-қатынасы, бір-біріне құрметі арқылы қыз балаға әдемі үлгі бола алады.

Отбасы институты

Бұл арада қазақ қоғамында отбасы институты жақсы дамыған деп түйіндей аламыз. «Ұят болады», «қарқылдап күлме», «ойбай, етегіңді жап, көп сөйлеме», «даусыңды көтерме», тіпті, «даусыңды шығарма, көршіден ұят болады» деп біз баланың эмоциясын ішіне тұншықтыра береміз. Сондықтан олар болашақта да көп нәрсені ішіне бұғып өсіп жатыр. Психолог ретінде 8 жылдан бері білім алып келем, оның ішінде, 3 жылдан бері адамдармен тығыз жұмыс істеймін. Өз жақындарынан жәбір көріп жатқандар аз емес. Құрбан позициясындағы әйелдер, тіпті, өз ұлынан таяқ жеп жатады. Міне, осылар — бала күндегі, яғни, ұядағы травмалардың салдары.

Психологтан кеңес

Бұл тақырыпты тарқата түсуге болады. Бірақ, қысқа қайырсақ, әрбір аруға, әрбір адамға өз-өзімен жұмыс істеуді өмір қалпына айналдыруға кеңес берем. Өзін сыйлайтын адам ғана өзгені сыйлай біледі, біреудің жеке басына қол сұғудан аулақ болады. Қайталап айтамын, алыстағы шетелді сынамай, әрбір адам өзі үшін жауапкершілік алып, ең алдымен, өзінен, өз шаңырағынан бастауы керек.

Ал ер адамдар әйел адамды аялай білу керек, ана, қыз, жеңге, нәзік жанды ретінде құрметтей білуі керек.